Айтуынша, ауыл тұрғындары дәрігерге миллиондап ақша берген
Ақмола облысы Атбасар ауданының тұрғыны, мұғалім Азамат Сүйінов ауыл дәрігеріне алданып, 5 миллион теңгесінен айырылған. Оның сөзінше, ауылда бір жылға жуық жұмыс істеген медицина қызметкері басқа тұрғындардан да қарызға ақша алып, кейбіріне несие рәсімдеткен. Жәбірленушілер бірігіп, заң органдарына жүгінген. Сот олардың пайдасына шешім шығарғанымен, бір жылдан астам уақыт өтсе де, тұрғындар ақшасын толық қайтара алмай жүр. Азамат Сүйінов осы жағдайға байланысты Azattyq Rýhy редакциясына хабарласқан еді.
Азамат Сүйіновтің айтуынша, дәрігер Ақмола өңіріндегі Бастау ауылына 2023 жылдың соңында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген. Медициналық пунктте терапевт болып жұмыс істеген ол әуелі Атбасар ауданына жұмысқа ауысып, 2025 жылдың жазында біржолата қызметінен қуылған. Азаматтың сөзінше, бұрынғы дәрігер қазір Шымкент қаласына кетіп қалған.
Мұғалімнің айтуынша, дәрігер ауыл адамдарымен жақын араласып, олардың сеніміне кірген. Кейін әркімнен қарызға ақша сұрай бастаған.
«2024 жылдың қазан айында менен қарызға ақша алды. Жақсы араластық, әкемді емдеді. Бір ай бойы артымнан қалмай, ақша сұрады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының біржолғы жәрдемақысын аламын, сол кезде бірден қайтарамын» деді. Әкемді ауруханаға жатқызып беруге уәде етті. Соған сеніп, ақшамды бердім. Бірақ содан бері қарызымды қайтара алмай жүрмін», – дейді Азамат Сүйінов.
Азаматтың сөзінше, дәрігер ауыл тұрғындарына медициналық қызметті кезексіз алуға көмектесетінін айтып, ақша сұраған. Оның айтуынша, дәрігер науқастарға екі жолды ұсынған. Оның біріншісі, медициналық портал арқылы кезек күту болса, екіншісі - ақша төлеп, таныс-тамыр кезексіз емделу болған.
«Алдына ем іздеп келгендерге «Порталға тұрсаңыз, жарты жылдан бір жылға дейін күтесіз Ал маған 500 мың не 1 миллион теңге берсеңіз, таныстарым арқылы емдетіп беремін» деп айтатын. Адамдар соған сенді», - дейді ол.
Сүйіновтің айтуынша, дәрігер ауылдағы көптеген тұрғыннан ақша алып, кейбіріне қайтарып бермеген. Тұрғындар дәрігерді жақсы танитындықтан, қарыз бергенде қолхат жаздырып алмаған.
Оның айтуынша, дәрігерге өзімен бірге жұмыс істеген медбике 9 миллион теңге несие алып берген.
«Біз бес адам болып арыз жаздық. Менен 5 миллион теңге алды, медбикеге 9 миллион теңге несие рәсімдеткен. Басқа бір кісіден 10 миллион теңге, енді бірінен 1 миллион теңге ақша алған. Жалпы қарызы 20 миллион теңгеге жуық деп ойлаймын», - дейді ол.
Азамат дәрігердің ауылдағы тұрғындардың біріне қымбатқа дәрі сатқан оқиғасын да айтып берді.
«Препаратты Жапониядан әкелгенін айтып, 300 мың теңгеге сатты. Алайда кейін ақшасын қайтарып берді», -деді ол.
Азамат Сүйінов мұны дәрігердің жағдайды сотқа жеткізбеуге тырысқан әрекеті деп санайды.
Азамат Сүйінов дәрігерден ақшасын қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген. Азаматтық іс қаралып, 2025 жылдың мамырында сот шешімі шыққан. Қаулыға сәйкес, дәрігер келтірген шығындарды қоса есептегенде шамамен 9 миллион теңге төлеуге тиіс еді, дегенмен сот шешімі әзірге толық орындалмай тұр. Сүйіновтің айтуынша, дәрігер Атбасарда жұмыс істеп жүрген кезде жалақысынан ақша ұсталып отырған. Жәбірленушілерге бір-екі ай 30-40 мың теңгеден түскен. Медицина қызметкері жұмыстан шығып кеткен соң, төлем де тоқтаған.
«Сот шешімі қолымда. Жеке сот орындаушысына хабарлассам, айналысамыз, тексереміз дейді. Бірақ бір жылдан астам уақыт өтті, нақты нәтиже жоқ. Прокуратураға өтініш жазсам, оны Әділет министрлігіне, одан әрі тиісті органдарға жолдайды. Сөйтіп, бір-біріне сілтеумен уақыт өтіп жатыр», – дейді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, дәрігер ауылдан кетер алдында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін сома 5 миллион теңгеге жуық көтерме төлемді алған.
Азамат Сүйіновтің айтуынша, дәрігер ауылда бір жылдан астам уақыт жұмыс істегеннен кейін қызметінен кетіп, қазір Шымкентте жүрген көрінеді. Оған қатысты шыққан сот шешімі орындалмай, қарыз берген тұрғындар әлі ақшасын күтіп отыр.
«Біздің ауылда 1200-ге жуық адам тұрады. Дәрігерге сендік, өйткені ол алғашында өзін жақсы адам ретінде көрсетті. Мен де ақшамды қайтарып аламын деп ойладым. Қазір сот шешімі бар, бірақ оны орындату мүмкін болмай отыр. Қазір ол жайбарақат өмірін сүріп жатыр. Жауапкершілікті сезінбейді. Әділдік қайда?» - дейді ол.
Азамат Сүйінов сот шешімінің орындалуына жауапты органдардан шара қабылдап, қарызды өндіріп беруін сұрап отыр.
Осыған байланысты редакция тілшісі заңгер Нұрсұлтан Орынбекке хабарласты. Заңгер сот шешімі орындалмаған кезде қандай шаралар қолдануға болатынын және қарыз бергенде қандай құжаттарды рәсімдеу керегін түсіндірді.
Заңгердің айтуынша, сот шешімі шыққаннан кейін қарызды жеке сот орындаушысы өндіріп береді. Ол борышкердің банктік шоттарына тыйым салу, заңда көзделген жағдайда елден шығуына уақытша шектеу қою және мүлкін анықтап, қарызды өтеуге бағытталған шараларды қолдану туралы шешім қабылдай алады.
«Ақшаны өндіріп алу жеке сот орындаушысының құзыретіне жатады. Ол борышкердің шоттарына тыйым салып, шетелге шығуына шектеу қоюға және басқа да шаралар қолдануға құқылы. Бірақ осы әрекеттердің бәрінен кейін де борышкер ақшасын төлемей, табысын жасырып немесе қолма-қол ақшамен өмір сүріп жүрсе, берешекті өндіріп алу қиындайды», – дейді Нұрсұлтан Орынбек.
Заңгердің сөзінше, мұндай жағдайда сот орындаушысы қол қусырып отырмауы керек. Борышкердің тұрғылықты жерін, табысын және атына тіркелген мүлкін анықтап, заң аясында өндіріп алу шараларын жалғастыруы қажет. Мысалы, борышкердің өзіне тиесілі бағалы мүлкі анықталса, сот орындаушысы оны тізімге алып, заңда белгіленген тәртіппен тыйым салу, алып қою немесе мәжбүрлеп сату арқылы берешекті өтеуге әрекет жасай алады. Алайда кез келген мүлікті бірден алып қоюға болмайды: өндіріп алу заң талаптарына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, азамат сот орындаушысының жұмысына көңілі толмаса немесе атқарушылық іс бойынша тиісті шаралар қабылданбай жатса, оның әрекетсіздігіне шағымдана алады.
«Жеке сот орындаушысының әрекетсіздігіне қатысты Республикалық жеке сот орындаушылары палатасына немесе өңірлік палатаға, сондай-ақ Әділет министрлігіне не аумақтық әділет департаментіне шағымдануға болады», - дейді заңгер.
Сондықтан заңгер азаматтарға ауызша өтінішпен ғана шектелмей, жеке сот орындаушысына жазбаша өтініш беріп, атқарушылық іс аясында қандай шаралар қабылданғаны туралы ақпарат сұрауға кеңес береді. Егер жауап болмаса немесе шаралар қабылданбаса, өтініш пен оған берілген жауаптарды шағымға тіркеген жөн.
Заңгердің айтуынша, қарыз берген кезде қолхат жазылмаса да, ақшаны қайтару мүмкіндігін бірден жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағдайда тараптар арасындағы келісімді және ақшаның берілгенін растайтын басқа дәлелдер маңызды болуы мүмкін.
«Қолхат та, телефондағы хат алмасулар да дәлел ретінде жарамды болуы мүмкін. Қолхат болмаса, аудиохабарламалар мен жазбаша хабарламаларды да пайдалануға болады», – дейді Нұрсұлтан Орынбек.
Мысалы, WhatsApp-тағы хаттарда борышкер ақшаны алғанын мойындаса, оны қайтаруға уәде берсе немесе қарыздың сомасын нақты көрсетсе, бұл материалдар істі қарау кезінде ескерілуі мүмкін. Банк аударымдары мен басқа да құжаттар да ақшаның қозғалысын растауға көмектеседі. Әр дәлелдің маңызын сот істің мән-жайына қарай бағалайды.
Заңгер азаматтарға ақша берер алдында қарыз қатынасын жазбаша рәсімдеуге кеңес береді. Қолхатта қарыз алушы мен қарыз берушінің деректері, ақша сомасы, қаражаттың қарыз ретінде берілгені және оны қайтару мерзімі көрсетілгені дұрыс.
«Ірі көлемде қарыз беретін болса, азаматтар оны құжатпен рәсімдеуі керек. Қайтару мерзімін нақты көрсеткен жөн. Қажет болған жағдайда нотариусқа жүгінуге немесе медиация тәртібімен келісім жасауға болады. Бұл кеңес барлығына бірдей қатысты», – дейді Нұрсұлтан Орынбек.
Қолхат немесе жазбаша шарт даулы жағдайда тараптардың міндеттемелерін дәлелдеуге көмектеседі.
Қарызды қайтаруға қатысты азаматтық дау мен алаяқтықты ажырата білу керек. Егер іс азаматтық тәртіппен қаралып, сот қарызды қайтару туралы шешім шығарса, оны орындау міндеті туындайды. Мұндай жағдайда қарыздың өтелмеуі өздігінен борышкердің алаяқтық жасағанын білдірмейді. Алайда ақшаны бастапқыда алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену белгілері болса, жағдайға құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Қылмыстық құқық бұзушылықтың бар-жоғын тиісті органдар нақты дәлелдер мен істің мән-жайына қарай анықтайды.
Заңгердің азаматтарға кеңесі: қарыз бергенде міндетті түрде жазбаша дәлел қалдыру, ақшаны қайтару мерзімін көрсету және аударым құжаттарын сақтау қажет. Сот шешімі орындалмай жатса, жеке сот орындаушысынан атқарушылық әрекеттер туралы ресми ақпарат сұрап, қажет болған жағдайда оның әрекетсіздігіне шағымданған жөн.