«Түркия мен Вьетнамға виза алып беремін»: алаяқ астаналықтарды 15 млн теңгеге алдап кетті

Автор: Алмас Ерсін

Алаяқтықтан алты адам зардап шегіп, жалпы шығын 15 млн теңгеге жуықтаған

Фото: istockphoto.com

Шетелде демалуды армандаған елорда тұрғындары миллиондаған теңгесінен айырылды. Астанада азаматтардан танымал елдерге визаны тез рәсімдеп беремін деп ірі көлемде ақша жинап, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен 33 жастағы әйел ұсталды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті азаматтарды Түркия мен Вьетнамға еш кедергісіз әрі оңай шығарып жіберуге көмектесетініне сендірген.

Ол «қызметі» үшін қомақты ақша алып, қаражатты алғаннан кейін байланысқа шығуды тоқтатқан.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары алаяқтықтың алты дерегін анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктіге сенген елорда тұрғындарына келтірілген шығын шамамен 15 млн теңгені құраған.

«Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.