Полиция 236 азаматты Қазақстаннан  күштеп шығарған – олар енді елге бес жыл бойы кіре алмайды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Елімізде «Нелегал» ауқымды іс-шарасы өткен

Фото: Polisia.kz

Қазақстанда 11 күн бойы, яғни, 5-16 қазан аралығында Қазақстан аумағында көші-қон саласындағы заң бұзу фактілерін анықтау үшін «Нелегал» акциясы өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Полицияның мәліметінше, осы операция кезінде көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 15,8 мыңнан астам факт тіркелген көрінеді.

«Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7 595 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін тағы 3 899 шетел азаматына қатысты шаралар қабылданған», - деп хабарлайды полиция.

Шетелден жұмыс күшін тартуға қатысты заңды жылына бір емес, екі рет бұзған 10 жұмыс берушіге қатысты тергеп-тергеу бастаған. Бұдан басқа Қазақстан аумағында жасырынып жүрген 62 шетел азаматы ұсталған.

«Полиция 236 шетел азаматын Қазақстаннан мәжбүрлеп шығарған. Осы адамдардың бәрі енді Қазақстанға бес жыл кіре алмайды», - деп хабарлайды полиция.