Оны такси жүргізуші құтқарып қалды
Жаңа Майқұдық ауылының 68 жастағы тұрғыны депозитіндегі бар ақшаны қолма-қол шығарып алып, таксиге отырып, алаяқтарға апарып бермек болған. Оның әрекетінен күдіктенген такси жүргізушісі дереу полицияға хабарлаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, оқиға әдеттегі телефон қоңырауынан басталған. Белгісіз адамдар әйелге бұрынғы әріптестері ретінде хабарласып, банк шоттарын шұғыл тексеру қажет екенін айтқан. Осылайша олар зейнеткерді алаңдатып, асықтырған.
«Кейін әйелге WhatsApp мессенджері арқылы өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған «Марат» есімді адам хабарласқан. Ол ақшасын қорғауға көмектесетінін айтып, әйелдің сеніміне кірген. Алаяқтар зейнеткердің депозитінде 3 миллион теңге бар екенін білген соң, оған ақшаны түгелдей қолма-қол шешіп алуды тапсырған. Зейнеткер алаяқтардың нұсқауын орындап, ақшаны банктен алған. Кейін оған қаражатты қалааралық таксимен Алматыға жеткізу керектігі айтылған. Әйел осы мақсатпен сауда үйіне қарай бет алған. Алайда такси жүргізушісі жолаушының әрекетінен күмәнданып, полицияға хабар берген. Ол тәртіп сақшыларына жағдайды түсіндіріп, әйелдің бара жатқан мекенжайын айтқан. Оқиға орнына жедел жеткен криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық әрекеттің алдын алды. Нәтижесінде зейнеткердің 3 миллион теңгесі өзінде қалды», - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарға телефон арқылы хабарласып, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырған адамдарға сенбеуге шақырады. Банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері мессенджер арқылы ақша шешіп алуды, аударуды немесе оны бөгде адамға беруді талап етпейді.
Құқық қорғау органдары күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, алаяқтық әрекет туралы «102» нөміріне хабарлауға кеңес берді. Сондай-ақ егде жастағы туыстарға телефон және интернет арқылы жасалатын алаяқтық тәсілдерін түсіндіріп, үнемі сақтық шараларын еске салып отыру қажет.