Жамбыл облысында тауға саңырауқұлақ теруге барған әйел ауруханадан бір-ақ шықты

Автор: Алмас Ерсін

66 жастағы әйел тауда аяғын жарақаттап, өздігінен жүре алмай қалған. Құтқарушылар оны зембілмен жедел жәрдем көлігіне жеткізді

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында тауға саңырауқұлақ теруге барған әйел ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Тұрар Рысқұлов ауданында саңырауқұлақ теріп жүрген 66 жастағы әйел аяғын жарақаттап, өздігінен қозғала алмай қалған.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары, «Луговое» трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері, әйелдің туыстары мен жедел жәрдем бригадасы жедел жетті.

Құтқарушылар зардап шеккен әйелді зембілмен таулы аймақтан жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізді.

Одан кейін әйел ауруханаға жатқызу үшін медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Құтқарушылар тауға шығатындарға маршрут пен ауа райы жағдайын алдын ала бағалауға, қайда баратынын жақындарына ескертуге және өз мүмкіндіктерін асыра бағаламауға кеңес береді.