Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия анықтайды
Атырау вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары кезінде бес метрге жуық биіктіктен құлаған жұмысшы ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 15 қазанда болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам биіктіктен құлаған. Оның бас миы, жұлын және омыртқасы зақымданған. Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Ербол Иманғалиевтің айтуынша, науқасқа қажетті операция жасалған.
«Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Кеше тиісті операция жасалды. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деді Ербол Иманғалиев.
Атырау станциясындағы көліктегі полиция бөлімі еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Ал еңбек инспекциясы жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылатынын хабарлады.