Оны өлтіріп, көміп кеткен
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының 40 жастағы тұрғыны Лариса Гудок өлі табылды. Ол осыдан 4 күн бұрын жоғалып кеткен болатын. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті Instagram әлеуметтік желісінде жазды.
Марқұмның туыстары оның таңертең жұмысқа кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған болатын.
Шұғыл іздестіру жұмыстары барысында полицейлер адам өлтірді деген күдікпен 59 жастағы ер азаматты ұстады. Ол Лариса Гудокпен бұған дейін таныс болған.
«Күдікті Ресей Федерациясының шекарасында жеңіл автокөлікпен елден қашып бара жатқан сәтте қолға түсті. Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деді ШҚО Полиция департаменті басшысының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Әйелдің денесі Белоусовка ауылынан 7 шақырым қашықтықта даладан табылды. Қылмыскер оны өлтіріп, көміп кеткен. Полиция мен еріктілер Лариса Гудокты 4 күн бойы іздеді.
Қазіргі таңда аталған оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.