Құтқарушылар 3 680 метр биіктікте адасқан жасөспірімдерді қауіпсіз жерге жеткізді
Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында, Үлкен Алматы шыңының маңында таудан түсіп келе жатқан екі жасөспірім бағыттан адасып кеткен. Олар теңіз деңгейінен 3 680 метр биіктікте болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары 2008 жылы туған екі жасөспірімге көмек көрсетіп, оларды «Аю-Сай» бөгетіне дейін алып барды. Бұл туралы 5 қазан күні Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болмаған. Кейін оларды туыстары күтіп алып, қалаға жеткізді.
Құтқарушылар тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеру және жақындарына қай жерде жүргенін әрі қашан оралатынын хабарлап қою маңызды екенін еске салды.