Ақтауда 13 жастағы баланың өлімінен кейін хирург ұсталды

Автор: Махан Миражан

1 қазанда уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: ЖИ

Ақтауда 13 жастағы Исмаил Азановтың өлімінен кейін арада тоғыз ай өте облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталды. Дәрігер медициналық көмекті тиісінше көрсетпеді деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, биыл қаңтарда Исмаилдың іші қатты ауырып, анасы аппендицит болуы мүмкін деген күдікпен оны ауруханаға әкелген. Алайда, дәрігерлер баланы ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі комиссия құрып, аурухана дәрігерлері баланы ауруханаға жатқызудан төрт рет негізсіз бас тартқан деп мәлімдеді. Операциядан кейін де баланың жағдайы ауыр болған. Кейін Исмаил санитарлық авиациямен Алматыдағы ауруханаға түсіп, дәрігерлер оның өмірі үшін екі айға жуық күрескен. Өкінішке қарай 13 сәуірде бала қайтыс болды.

Исмаилдың анасы Жұлдыз Азанова ұлының өлімінен кейін оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етіп, бірнеше рет Прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген. Тамыз айында ол Ақтаудан Астанаға келіп, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуді талап еткен.

1 қазанда облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицияның мәліметінше, комиссиялық сот-медициналық сараптама медициналық көмек көрсету кезінде ұйымдастыру, тактикалық және емдеу-диагностикалық сипаттағы кемшіліктер болғанын анықтаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған кемшіліктер баланың жағдайын асқындырып жіберген. 

«Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Маңғыстау облысының Полиция Департаменті.

Айта кетейік, баласының өлімінен кейін оның анасы  Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға бейне үндеу жолдаған болатын. Бұл іс қоғамда резонанс тудырды.