Мүфтият: Қарасай ауданындағы мешітте ұлдарды ұрып-соққан имам жұмысынан қуылды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Балалар биыл жазда таяқ жегені анықталды 

Фото: скриншот

Бүгін әлеуметтік желіде Алматы облысына қарасты медреселердің бірінде болған адам шошырлық әрекеттің видеосы тарады. Дәлірек айтсақ,  бұл видео мешіттегі ұстаздан аяусыз таяқ жеп, жылап жатқан ұл балалардың видеосы еді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Azattyq Rýhy тілшісіне видеоға қатысты комментарий берді.

Мүфтият бұл оқиға шынымен мешітте болғанын және балаларды сабап жатқан шынымен де мешіттің ұстазы екенін растады. Дереккөзге сүйенсек, ұстаз балаларды биыл жазда сабаған.

«2026 жылдың маусым айының басында Қарасай ауданы «Түркістан-1» мешітіндегі «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы барысында келеңсіз жағдай орын алды. Шәкірттер арасында болған келеңсіз жағдайдан кейін мешіт ұстазы Дүйсехан Нұрберді балаларды тәртіпке шақыру барысында эмоцияға беріліп, ұстаздық әдеп пен педагогикалық талаптарға сай келмейтін әрекетке жол берген», - деп бағалады мүфтият ұстаздың әрекетін.

Діни басқарма балалардың таяқ жегенін біле сала, арнайы жиналыс ашқан көрінеді.

«Оқиға белгілі болғаннан кейін арнайы жиналыс өтіп, мән-жай жан-жақты қаралды. Дүйсехан Нұрберді өз қателігін мойындап, өкініш білдіріп, ата-аналардан кешірім сұрады. ҚМДБ-ның №2290 бұйрығына сәйкес Дүйсехан Нұрберді мешіт ұстазы қызметінен босады», - деп хабарлайды Мүфтият.

Және баса айта кетерлігі, мүфтият «ата-аналар тарапынан дау-шағым жоқ» деген жазбаша және бейнежазба түрінде мәлімдеме алған.