Балалардың бірінің денесі судан шығарылды, екіншісі әлі іздестіріліп жатыр
Бүгін күндізгі сағат бірлер шамасында Целиноград ауданы Қоянды ауылының шетіндегі табиғи су қоймасында суға шомылып жүрген екі бірдей бала суға кетті. Оқиға суға шомылу үшін арнайы жабдықталмаған жерде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы журналистерге Ақмола облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Қанат Доспаев мәлім етті.
Балалардың бірінің мәйітін төтенше жағдайлар қызметкерлері судан шығарды, екіншісі әлі табылмай жатыр.
«Бүгін күндізгі бір шамасында Целиноград аудандық төтенше жағдайлар бөліміне оқиға куәгерлерінен екі баланың суға батқаны туралы қоңырау түсті. Су қоймасының ені 50 метр, тереңдігі екі метрді құрайды. Екі баланың бірінің денесін құтқарушылар судан алып шықты. Екінші бала әлі іздестіріліп жатыр. Балалардың кімдер екені анықталу үстінде. Күндізгі 13:50-де Нұр-Сұлтан қаласының құтқарушылар бөлімі де екінші баланы іздеу жұмыстарына кірісті», - деді Қ. Доспаев.
Балаларды іздестіруге Целиноград аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің екі қызметкері мен бір техника бірлігі, сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің 2 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы ата-аналардан балаларының қауіпсіздігіне баса мән беруді, арнайы жабдықталмаған орындарда суға түспеуді ескертеді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы