Ер адам бір түнде төрт жолаушыны тонап, жалпы 460 мың теңге көлемінде шығын келтірген
Ер адам бұған дейін Қарағандыдағы дәмханадан телефон мен пышақ ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы қыркүйекте ер адам Durum дәмханасының дүңгіршегіне желдеткіш терезе арқылы кіріп, iPhone 7 телефоны мен асүй пышағын ұрлаған. Келтірілген шығын көлемі 55 мың теңгені құрады.
Бір айдан кейін К. «Көкшетау – Қызылорда» бағытындағы №056 пойызына ұрлық жасау мақсатында отырған. Бір түн ішінде Қарағанды-Пассажирская және Қарабас станциялары арасындағы учаскеде ол төрт жолаушының заттарын ұрлаған. Үш жолаушының ұялы телефонын алып кеткен, ал төртіншісінен ішінде екі алтын жүзігі бар әйелдер сөмкесін ұрлаған. Жалпы шығын көлемі 460 мың теңгені құрады.
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық сотында сотталушы өз кінәсін мойындады. Оның кінәсі ұрланған заттарды алу туралы хаттамамен, жәбірленушілердің тәркіленген мүлікті танығаны және іс бойынша басқа да материалдармен расталды.
Прокурор мен жәбірленушілер К.-ға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Қорғау тарабы да бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды қолдады.
Сот сотталушының шын жүректен өкінгенін және келтірілген шығынды өтегенін ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Ер адам өндірістік үй-жайға кіріп, бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, мәжбүрлі еңбекке тарту және пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.