Ол соттан әділ шешім сұрады
Астана сотында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі Әділет Зейнел сөз сөйледі. Ол құрылысты бақылаған, үйді салған, қабылдап алған немесе құрылыс жұмысына қатысқан адамдардың барлығын кінәламайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, құрылыс саласында жұмыс істейтіндер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, жұмысты сапалы атқаруы керек. Себебі жұмыстағы ұсақ кемшіліктердің өзі адам өліміне әкелетін ауыр жағдайға ұласуы мүмкін.
«Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз, құрметті сот. Қандай да бір үкім біз жоғалтқан адамды қайтара алмайды. Біз Ұлдананы қайтара алмаймыз, 8 қарашаға да қайта орала алмаймыз. Болған жағдайды ешнәрсе өзгерте алмайды. Сондықтан шешімді соттың қарауына қалдырамыз. Сіздер дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз. Бұл шешім үй салатын адамдар мен кәсіпкерлерге өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, оны сапалы атқарудың маңызын көрсетсе екен дейміз», – деді Әділет Зейнел.
Айта кетсек, бүгін фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына байланысты сот процесі жүріп жатыр. Бұған дейін прокурор қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің басшысы Сәуле Жұбаниязованы 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап, бірнеше адам зардап шеккен кезде оқиға орнына жедел жәрдем фельдшері ретінде барған. Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте оның үстіне құрылыс бөлшектері құлап, алған жарақатынан көз жұмды. Осы іске байланысты тұрғын үйдегі мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты сот процесі өтіп жатыр.