Мұғалімді оқушылар тергеген
Әлеуметтік желіде Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне мас болып, сабаққа келген мұғалімнің видеосы тарады. Кадрларда оқушылар одан мектепке не себепті ішімдік ішіп келгенін сұрап, жағдайын анықтауға тырысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada-ға сілтеме жасап.
Мектеп әкімшілігі ішкі тексеру жұмысын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бейнежазбада көрініп тұрғандай, оқушылар қызметкердің жағдайын сұрап, оған сұрақ қойған. Ер адам алкоголь ішкенін жоққа шығармай, «осылай болып қалды» деп жауап берген. Ол өз әрекеті үшін кешірім сұраған.
Видео авторларының айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған. Оқушылардың сөзінше, қызметкер мектепке бірнеше рет ішімдік ішіп келген. Ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Ақтау қаласындағы НЗМ директоры Ринат Жұмабаевтың айтуынша, видео тарағаннан кейін мектеп әкімшілігі тексеру бастаған.
«Видеода айтылған деректер анықталып жатыр. Тексеру нәтижесінде қызметкердің тәртіп бұзғаны расталса, Еңбек кодексіне сәйкес тиісті шара қабылданады. Оның ішінде жұмыстан босату да қарастырылуы мүмкін», – деді директор.
Маңғыстау облысының білім беру жүйесі жағдайды бақылауға алды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, видео тараған соң облыстық департамент НЗМ әкімшілігіне хабарласып, мән-жайды тексеруді сұраған. Ведомство Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы екенін және оқу процесін ұйымдастыру мен ішкі бақылауға өздері жауап беретінін атап өтті. Егер айтылған ақпарат расталса, қызметкердің әрекеті ғана емес, мектептегі ішкі бақылау жүйесі мен оқушылардың қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың да жұмысы зерттеледі.