Қазақстанда есірткі жарнамасын таратқан адамдарға қатысты 74 қылмыстық іс қозғалған (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Олар үш жылға дейін сотталып кетуі мүмкін

Фото: скриншот

Биыл жыл басынан бері Қазақстанда есірткі жарнамасына қатысты 74 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, олар енді үш жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Дереккөзге сүйенсек, есірткі жарнамасына интернеттегі, әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі жарнама, сондай-ақ граффити, хабарландырулар және QR-кодтар арқылы таралатын жарнамалар жатады.

«Мұндай схемалар көбіне жастарды «оңай табыс» табуға уәде беру арқылы тартады. Жастарға осы жазуларды және есірткі дүкендеріне сілтемелерді тарату үшін ақша ұсынады. Ал ондай жарнаманы таратқандар үш жылға дейін сотталуы мүмкін», - деп хабарлайды полиция.

Ал егер саралау белгілері болған жағдайда жаза үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыруға апаруы мүмкін.

Сондықтан полиция әкімдіктермен, білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктер және волонтерлермен бірге халыққа қауіпті жарнамалар туралы ескертеді.