Көкшетауда алпыс жастағы әйел бейтаныс курьерге 10 млн теңгесін бере салған

Автор: Бақыт Шынар

Көкшетаудың полициясы оны төрт сағат ішінде тапқан

Фото: istockphoto.com

Он күн бұрын Көкшетауда тұратын 59 жастағы әйел алаяққа оңбай алданып қалған: өзін полицей ретінде таныстырған алаяқ әйелге қысым жасап, ақшасынан айырған. Дәлірек айтсақ, ол есігіне келетін курьерге 10 млн теңгесін беріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысының полиция депратаменті хабарлағандай, 59 жастағы әйелге алаяқ қоңырау соғып, қорқытқан. 10 млн теңгесін сенімді жерге тықпаса, одан айырылып қалатынын айтқан. Курьерге ақшасын бергеннен кейін алданғанын түсінген ол бірден полицияға барып, арызданған.

«Көкшетаудың полициясы жедел әрекет ете отырып, төрт сағат ішінде курьерді Астанадан тапқан. Курьер де алаяқтың арбауына түсіп, ол ақшаны басқа біреуге аударған. Абырой болғанда, курьер ақшаны түгел аударып үлгермеген. Полиция енді алаяқтық схемадағы түпкілікті күдіктіні анықтау үшін жедел тергеу бастаған», - деп хабарлайды Ақмола облысының баспасөз қызметі.