Алматы шетінде үйіліп тұрған 9 мың электр самокаттың видеосы тарады (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Полиция департаменті осыған қатысты түсініктеме берген

Фото: скриншот

Алматы қаласының полиция департаменті қала сыртындағы айып тұрғанында үйіліп тұрған электр самокаттардың видеосын таратты. Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл айып тұрағында дәл қазір 9 мың электр самокат тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Салтанат Әзірбек түсіндіріп өткендей, 9 мың самокаттың бәрі – бір компаниянікі емес. Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап күшіне енген заңға сай, электросамокатты жалға беретін кикшеринг компаниялардың да жауапкершілігі күшейіп отыр.

«Өздеріңіз білетіндей, 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самоткаттардың қозғалысына қатысты заң күшейген. Самокат мінген адамдарға да, оны жалға беретін компанияға да заң қатайды», - дейді Әзірбек.

Яғни, полиция өкілі түсіндіргендей, электр самокатты заң бұза мінген адам да, оны қауіпсіздікті сақтамай жалға берген компанияның да жауапкершілігі күшейіп отыр.

«25 тамыздан бастап кикшеринг компанияларына да қойылатын талаптар күшейді - самокаттарды сәйкестендіру, сақтандыру, тұраққа қою тәртібі және басқаруға рұқсат беру талаптары нақты айқындалды», - деп хабарлайды Алматы қаласының полиция департаменті.

Ал Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл заңға сай кикшеринг компаниялар бұзылған самокатты жалға бермеу керек және оны мінген азаматтың 18 жасқа толғанына көз жеткізу керек.

«Компанияның жалға беретін самокаты бұзылмаған, мемлекеттік нөмірі бар болуы керек.  Ал, оны жалға алатындардың жауапкершілігіне тоқталсақ, азамат 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар адам болуы керек», - дейді Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, заңға сай, самокаттар енді тротуармен де жүре алмайды. Салтанат Әзірбек атап өткендей, олар көлік жүретін жолдың оң жағымен және веложолмен ғана жүруі тиіс.