Бас киімін көтермек болған: электровелосипед жүргізушісінің әрекеті жол апатына себеп болды (ВИДЕО)
Оқиға барысы Сайын көшесінде орналасқан камералар арқылы белгілі болған
Алматыда Сайын көшесінде электровелосипед жүргізушісі жолда бас киімін түсіріп алып, оны көтеру үшін кенет тоқтаған. Артынан келе жатқан көліктер де тоқтағанымен, су таситын көлік жүргізушісі қиын жағдайға ұшырады. Ол алдындағы көліктерге соғылмас үшін көлігін бұрып, металл қоршауға соғылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның барысын Сайын көшесінде орналасқан камералар арқылы белгілі болған. Оқиға кеше сағат 12:30 шамасында болған. Видеода электровелосипед жүргізушісінің бас киімін түсіріп алып, оны көтеру үшін тоқтағаны көрінеді.
«Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Бұл жолдағы жағдайдың санаулы секундта өзгеруі мүмкін екенін тағы бір еске салады. Сондықтан арақашықтықты сақтап, алдыңыздағы көліктің күтпеген маневріне дайын болу маңызды», – делінген хабарламада.