ШҚО-да алапат отқа оранған үйден шыңғырып жылаған баланың дауысы шықты (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Полиция қызметкерлері өртенген үйден бүлдіршінді аман алып шықты

Фото: ЖИ/Әбілқасым Есентаев

ШҚО-ның Алтай қаласында алапат отқа оранған үйден шыңғырып жылаған баланың дауысы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, оқиға орнына алғаш болып, тәртіп сақшылары жеткен. Олар өртке оранған үйден баланы аман алып шықты. Оқиға бүгін сағат 13:00 шамасында болған.

«Терезеден жылап жатқан баланы көрген полиция майоры Азамат Қанапин өрт сөндірушілерді күтіп тұрмай, дереу көмекке ұмтылған. Оған әріптестері – взвод командирі, полиция капитаны Ринат Құниязов пен патрульдік полиция взводы қызметінің инспекторы полиция аға лейтенанты Абзал Смағұлов бірден көмектесіп, бірігіп терезені сындырды. Осыдан кейін майор Қанапин үйде қалған баланы тез арада сыртқа шығарып, қауіпсіз жерге алып кетті. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген ведомство хабарламасында.

Белгілі болғандай, полицейлер мен көршлерінің жылдам көмегінің арқасында бала дер кезінде құтқарылып, қайғылы жағдайдың алды алынды.