Құтқарушылар Абай облысында өрт сөндіріп жатыр
Абай облысының Аягөз ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылындағы Арасан аумағында ашық аумақта, таулы жерде алапат өрт шықты. Көмекке ШҚО мен Павлодардан өрт сөндірушілер жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, құрғақ шөп пен бұталар өртке оранды.
«Қазіргі уақытта апат орнында 95 адам және 26 техника өрт сөндіріп жатыр. Оған Абай облысы ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күштері жұмылдырылған. Қосымша күштер де оқиға орнына жолға шықты. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан 57 адам мен 16 техника тартылуда», - делінген хабарламада.
Таулы жер бедері, қатты жел және құрғақ өсімдіктер өртті сөндіру жұмысын қиындатып отыр.
Елді мекендерге қауіп жоқ. Өртті оқшаулау және сөндіру жұмысы жүріп жатыр.