Бас-аяғы 35 адам 2,2 млрд теңгеге алданған
Астанада бір тұрғын үйдегі бір пәтерді бірнеше адамға сатып, миллиардтаған қаржыны өз қалтасына басқан төрт адамның әрқайсысы 8 және 9 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жалпы, «Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты бұл дау бірнеше жыл бұрын басталған. Жаңа үй сатып алғысы келген адамдар пәтерлерді сатып жатқан «International Invest Company IIC» компаниясына жүгініп, алданып қалған. Оларды алдаған компания емес, сол компаниядағы төрт қызметкер болып шықты. Яғни, төрт адам жұмыс беріп отырған компанияның өзін тақырға отырғызып кеткен.
«Компанияның төрт қызметкері бір пәтерді бірнеше адамға сатқан. Сатып алу шартының орнына олар пәтерді брондау, кепілақы туралы келісімшарт пен алдын ала сатып алу туралы шарттар ғана жасасқан. Ал адамдар жаңа пәтер сатып алдым деп ойлап, алдана берген», - деп хабарлайды ҚМА.
Бұл қылмыстық іс биыл наурызда сотқа өткен. Сот үкім шығарып, төрт қызметкерді ұзақ жылға соттағаны хабарланып отыр.
«Сот 35 адамның жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды», - деп хабарлайды ҚМА.
78 адам мүліктің түпкі иесі екені анықталып, тағы 73 пәтердің адал ниетті иелері табылған көрінеді.