Министрлік тазалық талаптарының бұзылғанын мәлімдеді
Қазақстанда 29 «лас» перзентхана жұмыс істеп тұр. Оларда инфекциялық қауіпсіздік пен стерилизация талаптары сақталмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігі 82 босандыру ұйымын тексерді. Олардың ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімі бар.
Мамандар перзентханалардағы тазалық пен зарарсыздандыру жұмыстарының жүргізілуін, желдету және су жүйелерінің жағдайын, сондай-ақ инфекцияның алдын алу шараларын бағалады. Тексеру қорытындысы бойынша мекемелерге 81 санитариялық нұсқама берілді. 29 медициналық ұйымда дезинфекциялық-стерилизациялық режимнің бұзылғаны анықталды.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев ескерту алған перзентханаларды бір айдан кейін қайта тексеретінін айтты.
«Біздің міндетіміз - тек бұзушылықты тіркеп, нұсқама беру емес. Бір айдан кейін біз қайта келіп, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту анықталса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.
Еске салсақ, былтыр Шу ауруханасына босануға келген жас ананың мәйіті ғимараттың жертөлесінен табылған еді. Марқұм 26 жастағы Әдемі Ешенәлиеваның денесі бірнеше күн жатып, иістеніп кеткен. Оқиғадан кейін, Шу ауданының емханасы мен ауданаралық орталық ауруханасына тексеру жүргізіліп, басшылары тәртіптік жаза алған.