Сотта қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің басшысы Сәуле Жұбаниязова прокурорлардың сұрағына жауап берді
Астанада марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта қайғылы жағдай болған тұрғын үйдің басшысы, осы істегі басты күдікті Сәуле Жұбаниязова прокурорлардың сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокурор «2025 жылы тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жасалатыны туралы сметалық құжат дайындалған. Бұл туралы білдіңіз бе?» деп сұрады айыпталушыдан.
Сәуле Жұбаниязованың айтуынша, аталған құжат 2024 жылы дайындалған. Осылайша, 2025 жылдың жазында үй жөнделеді деген жоспар құрылған.
«2025 жылы тұрғын үйдің чатынан күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты смета құжатты алғаш рет көрдім. Құжатта фасадты жөндеуге 800 мың теңге бөлінгені жазылыпты. Бірақ, құжатта айтылған жөндеу дегеніміз - ғимараттың төменгі бөлігіндегі материалды ғана бояу болып саналады. Ал кірпіш қалау туралы ештеңе жазылмаған», - дейді ол.
Тұрғын үй басшысының сөзінше, 800 мың теңге ауқымды бір жөндеуге жете қоятындай ақша емес.
«Былтыр құрылыс мамандарымен жолығып кеңес алдым. Олар үйдің төменгі бөлігін бояу жұмыстарына 2,5 млн теңге шығын кететінін есептеп берді. Ал МИБ-ті ашқан кезде Ахметова жинақтаушы есепке небәрі 1,96 млн теңге қалдырды. Менде басқа ақша болған жоқ. Жинақтағы касса нөлден басталды», - деді айыпталушы.
Сонымен қатар ол қайғылы оқиға болған күнгі жағдайды тұрғын үйдің чатынан оқығанын айта кетті. Яғни, чаттағы мәлімет бойынша апат кезінде 62-ші пәтердің сырты көп бүлінген деп жазылған. Одан басқа 2 фельдшер жараланды деген ақпарат оқыған.
«Жағдайды өз көзіммен көрмедім. Кейін дүкенге шыққанда апат орнында ешкім болмады. Зардап шеккендермен де байланыспадым. Тек 33-ші пәтердің иесі жұбайымен байланысыпты, сол арқылы ахуалды білдім», - деп түсіндірді Сәуле Жұбаниязова.
Айта кетейік, айыпталушы Сәуле Жұбаниязова бұған дейін сотта жауап бере отырып, адам өліміне кінәлі емес екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ апаттан кейін тұрғын үйді күрделі жөндеу жұмысына шамамен 600 млн теңге қаржы есептелгенін айтты.