Оқыс оқиға «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешенінде болған
Астанада әйгілі BI Group компаниясы салған элиталы үйлердің бірінде лифт құлап кете жаздады. Қала тұрғыны желіде жазба жариялап, басынан өткен оқиға туралы егжей-тегжейлі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешенінде болған. Қала тұрғынының айтуынша, мінген лифт үш қабат төменге құлдилаған.
«Осы уақытта электр жүйесі толығымен өшіп қалды. Жарық өшіп, лифтінің түймелері басылмай қалды. Тіпті, ішіндегі камера да істен шықты. Айналам қап-қара түнек, ешнәрсе көрінбейді. Жалғыз өзім. Не болып жатқанын аңғармай қалдым, не істеу керектігін, ары қарай не боларын білген жоқпын. Сол сәтте не сезінгенімді айтудың өзі қиын. Саусақтарым дірілдеп, қорыққанымнан жүрегім жарылып кетердей болды. Қазір өлетін шығармын деген ойда болдым», – дейді желі қолданушысы.
Ол сол сәтте лифт тоқтап, қайғылы жағдайдан аман қалғанын жазды.
«Құдай оңдап, лифт тоқтап үлгерді. Ал тоқтамай қалса, не болар еді? Тікелей шахтаға барып құлар ма еді? Ал мен өліп қалсам ше? Балам анасыз жетім қалар ма еді? Бір өлімнен қалдым. Ал ең сорақысы, тұрғын үй кешенін салған BI Group компаниясына бәрі-бір сияқты күйде қалдым. Қолында өкілеттігі бар кез келген адам бұл жағдайға қатысты шара қолдануы керек. Сонда нақты бір шара қолдану үшін біреу құрбан болуы керек пе?» – деп жазды қала тұрғыны.
Azattyq Rýhy агенттігінің тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін BI Group компаниясының баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.