Қостанайда жүздеген гектар жер өртке оранды: оның бір бөлігі орман аумағына өтіп кеткен

Автор: Асыл Арман

Әуеден барлау жүргізу және өртті сөндіру үшін «Қазавиаспас» тікұшағы тартылды

Фото: ҚР ТЖМ

Қостанай облысының Қарабалық ауданына қарасты Үрнек ауылы маңында болған алапат өрт толық сөндірілді. Өрт қурай мен қайыңды тоғайларға тарап, Қарадум орманының да бір бөлігіне өтіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өрт сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы ұйымдары, «Ауыл құтқарушылары» жасақтары мен аумақтық қорғаныс бөлімшелерінен 100-ден астам адам және 25-тен астам техника жұмылдырылды.

Әуеден барлау жүргізу және өртті сөндіру үшін «Қазавиаспас» тікұшағы тартылды.

Осының нәтижесінде өрт толық сөндірілді. Жалын шамамен 850 гектар аумақты шарпыған. Зардап шеккендер жоқ.

«ТЖМ өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызын еске салады. Өрт немесе түтін байқалған жағдайда, дереу 112 нөміріне хабарласу қажет», – делінген хабарламада.