Ол «В» санатындағы жүргізуші куәлігін 2017 жылғы 29 тамызда алған
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны эпилепсия диагнозына байланысты сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті сотқа арыз берген. Сот талапты қанағаттандырды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сот отырысы барысында ер адамның 2017 жылғы 29 тамызда «В» санатындағы көлік құралдарын жүргізу куәлігін алғаны анықталды. Сонымен қатар медициналық мекеменің мәліметіне сәйкес, ер адам G40.8 – «эпилепсияның басқа нақтыланған түрлері» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған.
Заң бойынша, егер жүргізушінің денсаулығы нашарлап, көлікті қауіпсіз жүргізуіне кедергі келтірсе және бұл медициналық қорытындымен расталса, оның көлік жүргізу құқығы тоқтатылуы мүмкін.
Сот ер адамның ауруы көлік жүргізуге медициналық тұрғыдан жол бермейтін жағдайлардың қатарына жататынын анықтады. Осыны ескере отырып, сот полиция департаментінің талабын қанағаттандырды. Ер адамның көлік жүргізу құқығы тоқтатылып, оған жүргізуші куәлігін БҚО полиция департаментінің тиісті бөлімшесіне тапсыру міндеті жүктелді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.