64 жастағы адам қаза болды
Зерендідегі аңшылық шаруашылық аумағында бір топ ер адам елік қуалаған. Сол сәтте топ мүшесінің бірі аңды атамын деп, танысын атып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқ тиген 64 жастағы ер адам тіл тартпай кетті. Қайғылы жағдай 6 қыркүйекте Қызылтаң ауылында болды. Полиция мәлім еткендей, 6 адам елікті қаумалап ұстамақ болған. Алға озып кеткен аңшының бірі артында келе жатқан танысын байқамай мылтықпен атып жіберген. Қазіргі сәтті Көкшетау тұрғыны ұсталды.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында оқтың қалай атылғаны және аңшылық кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталғаны тексеріледі», - деді полициядан.
Алдын ала мәлімет бойынша, аңшылық шаруашылығының аумағында аң аулауға тиісті жолдамалар беріліп, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алынған.