«Қызымды мектепке апарудың орнына басына құран бағыштап жүрмін»: Арыста мұғалім әйел 10 жылға сотталуы мүмкін (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Бүгін сот шешімі шығады 

Фото: скриншот

Түркістан облысында мас күйде көлік жүргізіп, үш адамның қазасына себеп болған мұғалімге қатысты сот жарыссөзі өтті. Жәбірленушілер сотталушыны кешірмейтіндерін айтып, оған ең қатаң жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі 7 арнаға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға биыл 6 маусымда Арыс қаласында болған. Тергеу дерегінше, мектеп мұғалімі мас күйінде көлік тізгіндеп, ауласында отырған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан екі бала мен жүкті әйел көз жұмып, тағы үш адам түрлі деңгейде жарақат алған. Оқиғадан кейін жүргізуші апат орнынан кетіп қалған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы айыпталушыны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар, 14 жасқа толмаған қызының болуына байланысты жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды.

Жәбірленушілердің бірі Дана Үсімбек сол апатта бес жасар қызынан айырылған. Өзі мен бір жарым жастағы сәбиі ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдаған.

«Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз. Өзім мүгедек болдым. Менің де, баламның да денсаулығы бұрынғы қалпына келмейді. Қызымды мектепке жетектеп апаратын шақта оның басына құран бағыштап жүрмін», – деді ол сот жарыссөзінде.

Өз кезегінде айыпталушы кәмелетке толмаған мүмкіндігі шектеулі қызы барын айтып, соттан жеңіл жаза сұрады. Ол болған жағдайға өкінетінін айтып, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады.

Іс бойынша сот үкімі 7 қыркүйекте жарияланады.