Өртті сөндіруге 189 адам мен 39 техника жұмылдырылды
Қостанай облысының Жітіқара ауданында өртті сөндіруге ауқымды күш жұмылдырылды. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.
112 пультіне Большевик саяжай кентінің маңындағы ашық аумақта құрғақ шөп өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті.
Өртті сөндіруге 189 адам мен 39 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында ТЖМ, «Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС, жергілікті атқарушы органдар, полиция, орман шаруашылығы басқармасы және «КМ» АҚ қызметкерлері жұмыс істеді.
Қатты жел мен биік өскен шөп өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатты. Өрт шарпыған аумақтың көлемі әзірге нақтыланған жоқ.
Кейін ТЖМ Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы өрттің оқшауланғанын хабарлады. Зардап шеккендер жоқ. Өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай төтенше жағдайлар қызметтерінің бақылауында.
Әлеуметтік желілерде куәгерлер өрттің видеоларын бөлісіп жатыр. Жергілікті тұрғындардың жазуынша, жалын саяжай қоғамының аумағына дейін жеткен.