Осы іс бойынша 35 барымташы енді сот алдында жауап береді
Тәртіп сақшылары 77 мал ұрлығына қатысы бар қылмыстық топтарды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Мамыр айында жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, криминалдық полиция қызметкерлері Түркістан және Кентау қалаларының аумағында үш жыл бойы мал ұрлаған бес адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Тергеу қылмыстық топтың 19 мал ұрлығына қатыстылығын дәлелдеді, онда 125 жылқы мен 30 ірі қара ұрланды. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілерден 19 жылқы мен тоғыз сиыр тәркіленді. Барымташылардың тағы бір қылмыстық тобы маусым айында ұсталды. Жеті адамнан тұратын қылмыстық топ облыстың Қазығұрт, Сарыағаш және Төлеби аудандарының аумағында мал ұрлығымен айналысқан», - делінген хабарламада.
Полицейлер 16 мал ұрлығы дерегіне қатысы бар барымташыларды анықтады, олар 264 жылқы ұрлаған. Айғақ зат ретінде күдіктілерден 69 жылқы тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелеріне қатысты қылмыстық істердің жинақталған материалдары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Сонымен қатар, Түркістан облысының полициясында мал ұрлығының алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаменті басшылығының қатысуымен халықпен жиындар өткізу тәжірибесі енгізілді. Жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторларының халықпен 375 кездесуі өткен. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарынвң көмегімен мал ұрлығының алдын алу шараларын қабылдау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Мал иесі – жергілікті атқарушы орган – бақташы» үшжақты келісімшарт жасау жобасы аясында 5,5 мыңнан астам құжатқа қол қойылды. Полиция қызметкерлері Түркістан облысының тұрғындарына ұқыптылық танытып, иесіз малды жайылымда қараусыз қалдырмау керек екенін ескертті.