33 жастағы ер адам алкогольдік масаң күйде болған
Шахтинск қаласындағы үйлердің бірінде тыныштықты бұзу туралы шақырту тұрғындардың тұтас бір кіреберістен эвакуациялануымен аяқталды. Бұл туралы Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2 қыркүйекте Карл Маркс көшесіндегі үйлердің біріндегі пәтерден шу шығып жатқаны туралы полицияға хабарлама түскен. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары мән-жайды анықтауға кірісті.
Осы кезде пәтерде болған 33 жастағы қала тұрғыны газ баллонын жарып жіберемін деп қорқыта бастаған. Адамдардың өміріне қауіп төндірмеу үшін полицейлер кіреберістен 35 тұрғынды эвакуациялап, ықтимал қауіптің алдын алу шараларын қабылдады.
Полиция департаменті ер адаммен сөйлескеннен кейін не болғанын хабарлады.
«Полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін ер адам пәтердің есігін ашты. Оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Пәтерді тексеру кезінде газдың иісі байқалмады», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұсталған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс қаралғанға дейін ол уақытша ұстау камерасына қамалды.
Полиция жинаған материалдар сотқа жолданады. Сот заңда белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылдайды.