Орман өртінің басым бөлігі Бурабай ауданында болған
Облыста жыл басынан бері ғана 48 мың гектардан астам аумақты қамтитын 34 орман өрті тіркелді. Сонымен қатар, 500 мың гектардан астам шабындық жер отқа оранған. Бұл туралы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов брифингте мәлім етті.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, орман өрті көп жағдайда алдын алу шараларының уақытында жасалмауынан болады.
«Өкінішке қарай, орман өрті көрсеткіші өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға дейін өсті. Дегенмен, шабындық жерлердің тұтануы 20,3 пайызға төмендеген. Далалы аймақтардың өртенуіне жол берілмеді», - деді Алексей Советов.
Орман өртінің басым бөлігі Бурабай ауданында болған. Өрт салдарынан мұндағы 14 қалың тоғайдың орны күлге айналды. Сондай-ақ, Ақкөл ауданында алты, Біржан сал ауданында төрт, Зеренді, Бұланды және Сандықтау аудандарында үш және Ерейментау ауданы аумағында бір орман өрті тіркелді.
«Облыс аумағындағы шабындық жерлердегі өрттің басым бөлігі, яғни 11 оқиға Ерейментау ауданында болды. Сондай-ақ, Бурабай және Целиноград аудандарында - жеті, Біржан сал ауданында - алты, Бұланды және Көкшетау қаласында – төрт, Зеренді және Атбасар аудандарында - үш, Степногорск қаласында – екі, Астрахан, Егіндікөл және Ақкөл аудандарында бір-бір өрт оқиғасы тіркелді», - деп толықтырды Алексей Советов.
Департамент басшысының айтуынша, мобильді топтардың құрамындағы 28 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 23-і ескерту алса, бесеуі 208 395 теңге сомасында айыппұл төлеген.
Мұнымен қоса, облыс аумағында еріктілерден құралған 208 құрылым жұмыс істеп, онда 1141 адам қызмет етуде. Олардың қолында негізгі (53) және бейімделген (396) өрт сөндіру техникалары, өрт мотопомпалары (70), 1 мыңға жуық өртке қарсы құрал-жабдықтар бар.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы