Түркістан облысында карантин талабын бұзғандарға 42 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Салынған айыппұлдың 26,8 млн теңгесі өндірілген

Фото: polisia.kz

Түркістан облысында мобильді топтар арнайы мониторинг жүргізіп, 7061 нысанды аралаған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Нәтижесінде, 1386 нысанда карантин талаптары бұзылғаны анықталды. Рейд барысында әкімшілік құқық бұзғандардың үстінен хаттама толтырылып, 732 жеке тұлғаға 30 АЕК (75 750 теңге) мөлшерінде және 36 жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаларға 230 АЕК (638 940 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сондай-ақ рейд барысында карантин талаптарына қайшы келетін отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, тоқтатылған.

Жалпы, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 769 хаттама толтырылып, 42 322 830 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бүгінде оның 26 784 75 теңгесі өндірілді.