Өткен тәулікте елордада карантин режимін бұзған 18 кәсіпкерлік субъектісі белгілі болды
Олардың арасында ойын-сауық орындары, сауналар, дүкендер, лото-клуб, кальян-бар және көлік жуу орындары бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі BaigeNews.kz-ке сілтеме жасап.
«3 тамыз күні сағат 24:00 шамасындағы тексеру барысында Сарайшық көшесінде орналасқан лото-клубтың жұмыс істеп тұрғандығы анықталды. Ойын мекемесі карантиндік шараларға қарамастан, өз қызметін жүзеге асырған және келушілердің ставкаларын қабылдаған. Сондай-ақ, мобильді топ түнгі уақытта клиенттерін қабылдап жатқан Еркөкше көшесінде орналасқан саунаны анықтады. Саунада жуынып жатқан алты адам карантин режимінің талаптарын елемеген», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, Абылайхан көшесінде автокөлік жуу орны жұмыс істеп тұрған. Бұл мекеменің әкімшісі жұмыс орнында болған және көлік жуу қызметін тоқтатпаған.
Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану нысандары тексерілді.
«Түнгі уақытта жұмыс істеген және азаматтарды қабылдаған екі тез тамақтану кафесі анықталды. Осылайша, келушілер санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзып, өздерін және жақындарын қауіпке тіккен», - деп атап өтті Полиция департаменті өкілдері.
Барлық жиналған материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.