Тағы екі спортшы жансақтау бөлімінде жатыр
Еркiн күрес шеберлері Жақсыбек Карабалаев, Iлияс Жұмай, Жанбота Байбазар Алматы – Тараз тасжолында болған жол апатынан қаза тапты. Қайғылы хабар Қазақстан Республикасы Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.
«Бейбіт заманда жас, болашағынан үміт күттіретiн балуандарымыздан айырылып қаламыз деп кiм ойлаған... Еркiн күрес балуандары Жақсыбек Карабалаев, Iлияс Жұмай, Жанбота Байбазар жол апатынан қайтыс болды», - деп хабарлады.
Федерацияның хабарлауынша, кеше еркін күрестен 5 балуан жол апатына ұшырап, Жақсыбек Карабалаев пен Жанбота Байбазар оқиға орнында көз жұмған. Ал ауыр халде ауруханаға түскен Ілияс Жұмай бүгін қайтыс болды. Қазір дәрігерлер екі балуан – Заутбек Нұрдәулет пен Мұхаметкалиев Шыңғысханның өмiрi үшін күресiп жатыр.
Қаза тапқан спортшылардың бірі – Ілияс Жұмай еркін күрестен халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Әр жылдары 23 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, жастар арасындағы Азия біріншілігінің және басқа да халықаралық турнирлердің жүлдегері болған.