БАӘ-де қазақстандық екі апалы-сіңлі өлі күйінде табылды: СІМ мән-жайды айтты

Автор: Алмас Ерсін

Қаза болған қыздардың отбасына қазақстандық дипломаттар көмек көрсетіп жатыр

Фото: © istockphoto.com

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында Қазақстаннан барған екі апалы-сіңлі өлі күйінде табылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, Дубайдағы қазақстандық дипломаттар қаза тапқан қыздардың отбасына көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде мәйіттерді елге қайтаруға қажетті құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесуде.

«Сыртқы істер министрлігі Шарджа қаласында (БАӘ) қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтары Ақжан мен Жұлдыз Б.-ның туған-туыстары мен жақындарына шынайы көңіл айтады. Қазақстанның Дубай қаласындағы Бас консулдығы барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп жатыр. Оның ішінде құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесу және азаматтардың қаза болу мән-жайына байланысты БАӘ-нің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл жасау бар», – деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстандықтардың қаза болу мән-жайын БАӘ-нің құзырлы органдары анықтап жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге мәлімет жарияланған жоқ.

«СІМ қаза тапқандардың отбасыларымен байланыста және өз құзыреті шеңберінде қажетті көмек көрсетіп жатыр», – деп толықтырды ведомство.