Тісін, қабырғасын сындырған: БҚО-дағы тойда «тентек кәде» дәстүрі төбелеспен аяқталды

Автор: Алмас Ерсін

 Әзіл-қалжыңды көтере алмаған қонақ тойға келген ер адамды соққыға жыққан

видеодан скриншот

Оралдағы дәстүрлі үйлену тойындағы салт қонақтардың бірі ауруханаға түскен жанжалмен аяқталды. Әзіл-қалжың кезінде өзіне айтылған сөзді жақтырмаған ер адам тойға қатысушылардың біріне тап берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Батыс Қазақстанда кең тараған «тентек кәде» салты кезінде болған. Бұл дәстүрде күйеу жігіт пен қалыңдықтың туыстары бір-біріне әзіл-қалжың айтып, түрлі көңілді тапсырмалар беріп, кәде ретінде сыйлық алмасады.

БАҚ мәліметінше, күйеу жігіт жағынан келген қонақтардың бірі өзіне айтылған әзілді шын қабылдаған. Екінші қонақ қалжыңын жалғастырған кезде ер адам оны күтпеген жерден ұрып жіберген.

Зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал салдарынан оның бірнеше тісі түсіп, қабырғалары сынған. Денсаулығына келтірілген зиянның нақты дәрежесі мен оқиғаның өзге де мән-жайы анықталып жатыр.

«Тентек кәде» әдетте әзіл-қалжыңмен өтетін, тойдың көңілді салттарының бірі саналады. Мәселен, қалыңдықтың туыстары күйеу жігіт пен оның жақындарының жолын бөгеп, орындарына отырып алуы немесе кәде ретінде сыйлық алу үшін түрлі көңілді тапсырмалар ұсынуы мүмкін. Бұл дәстүр екі жақтың туыстарын таныстырып, жақындастыруды көздейді. Алайда бұл жолы әзіл-қалжың жанжалмен аяқталған.