Жасөспірім денесінің 60%-дан астамын күйік шалып, бір жарым ай жансақтау бөлімінде жатқан
Қостанайда дәрігерлер теміржол вагонының төбесіне шығып суретке түспек болған 15 жастағы жасөспірімді аман алып қалды. Оны кернеуі 27 мың вольттан асатын электр тогы соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наш Костанай» басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 25 маусымда болған. Жасөспірім облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне денесінің 60%-дан астамын күйік шалған ауыр жағдайда жеткізілген.
Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай жатқан.
«Бақытымызға қарай, оның қолдары мен аяқтарын сақтап қала алдық», – деді дәрігер.
Мирас Елжасов мұндай жарақат кезінде аман қалу мүмкіндігі өте төмен екенін айтты. Оның сөзінше, әлемдік және республикалық статистика бойынша осындай жарақат алған балалардың шамамен 90%-ы алғашқы аптада көз жұмады.
Қазір жасөспірім жансақтау бөлімінен кәдімгі палатаға ауыстырылған. Оны ауруханадан шығаруға әлі ерте, ем тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.
Жасөспірім сол күні достарымен серуендеп жүргенін айтты. Олар үйге баратын жолды қысқарту үшін теміржол бойымен жүрген. Пойызды көрген балалар суретке түспек болған.
«Вагонның төбесіне отырдым, досым мені суретке түсірді. Кейін орнымнан тұрған кезде электр доғасы соқты. Соққыдан шамамен екі метр жерге ұшып түстім», – деді жасөспірім.
Ол оқиғаға дейін түсірілген суретті әлеуметтік желіге жариялап үлгерген.
Ток соққаннан кейін бала есінен танып қалған. Есін жиған кезде үйіне өзі бармақ болғанымен, оқиға орнына келген медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген.
«Қабылдау бөлімінде бәрінің маған көздері шарасынан шыға қарап тұрғаны есімде. Содан кейін есімнен танып қалдым», – деп еске алды ол.
Жасөспірімді емдеу шамамен бір жарым айға созылды. Оны аман алып қалуға дәрігерлермен қатар сирек әрі қымбат дәрі-дәрмектер сатып алуға көмектескен демеушілер және донорлар атсалысты. Балаға сирек кездесетін төртінші теріс қан тобы қажет болған.
Оқиғадан кейін жасөспірім болашақ мамандығына қатысты жоспарын да өзгертті. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған ол оқиғадан екі күн бұрын электрик мамандығына құжат тапсырған. Енді жасөспірім болашағын медицинамен байланыстырғысы келеді.