Өрт ошақтарын сөндіруге арнайы техника мен орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды
17 тамызда 12 орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары еліміздің бірнеше өңірінде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысында екі, сондай-ақ Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында екі өрт шыққан. Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бір-бір өрттен тіркелді. «Бурабай» және «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде де бір-бір өрт ошағы анықталды. Ал «Ертіс орманы» мен «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарында екі өрттен тіркелген.
«Қазавиаорманқорғау» мәліметінше, өрт ошақтары әуе патрульдеуі кезінде дер кезінде анықталған. Сонымен қатар аумақтарды мемлекеттік орман күзеті бақылауға алған.
Өртті сөндіруге орман шаруашылығының жұмысшылары, «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері және арнайы техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ведомство өрт қаупі жоғары кезеңде тұрғындарды табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырды.