Каспий теңізінде бірнеше сағат іздеуден соң үш ер адам табылды

Автор: Алмас Ерсін

Екі ер адам жағадан 10 шақырым қашықтықта тірі табылды

видеодан скриншот

Жаңаөзеннің үш тұрғыны «Кендірлі» демалыс базасы маңында үрлемелі қайықпен Каспий теңізіне шығып, кейін жоғалып кеткен. Ауқымды іздестіру-құтқару операциясы барысында үшеуі де тірі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ер адамдар теңізге шыққаннан кейін шамамен екі сағаттан соң олардың жоғалғаны туралы 112 пультіне хабар түскен.

Іздестіру жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері мен ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері дереу кірісті. Алғашқы іздеу жұмыстары кезінде құтқарушылар ер адамдардың бірін анықтады. Ол өздігінен жағаға қарай жүзіп келе жатқан. Құтқарушылар оны бортқа көтеріп, жағаға жеткізді.

Қалған екі адамды іздеу түнде жалғасты. Қараңғылық пен іздеу аумағының үлкен болуы жұмыстарды қиындатты.

«Құтқарушылар акваторияның 20 шақырымнан астам аумағын тексеріп, әуеден 70 шақырымнан астам жерді шолып шықты. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қалған екі ер адам жағадан 10 шақырым қашықтықта тірі табылды», – деп мәлімдеді ТЖМ.

Іздестіру-құтқару операциясына ТЖМ күштері мен құралдары, ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері және еріктілер жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараты да тартылды.