Өрт жанармай таситын көлік пен әкімшілік ғимаратты шарпыды. Зардап шеккендер жоқ
Түркістан облысы Отырар ауданының Шәуілдір ауылындағы жанармай құю бекетінің аумағында ірі өрт болды. Өрт жанармай таситын көлікті, әкімшілік ғимаратты және жанар-жағармай сақталған резервуарлардың маңын шарпыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанар-жағармайды төгу кезінде сыйымдылығы 10 тонна болатын жанармай таситын көлік өртенген. Жалын әкімшілік ғимараттың қаптамасына тарап, өрт аумағы 70 шаршы метрді құрады.
Сонымен қатар жанар-жағармай сақталған төрт резервуар орналасқан аумақты да өрт шарпыды. Олардың әрқайсысының сыйымдылығы – 25 тонна.
Оқиға орнына ТЖМ күштері мен техникасы жіберілді. Өртті сөндіруге «Көксарай» АҚ және «Шілік» АҚ қызметкерлері де қатысты.
«Құтқарушылардың үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының арқасында өрт жедел сөндіріліп, жалынның одан әрі таралуына жол берілмеді», – деп мәлімдеді ТЖМ.
Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.