Жезқазғанда кортеж қауіпті жарыс ұйымдастырған: 6 адам жазаланды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Жол ережесін өрескел бұзған алты адам жауапқа тартылып, екі көлік арнайы айып тұрағына қойылды

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Жезқазғанда жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған той кортежі полиция назарына ілікті. Нәтижесінде алты адам жауапқа тартылып, екі көлік арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

8 тамызда Жедел басқару орталығының инспекторлары бейнебақылау камералары арқылы Сарыарқа көшесімен жүріп бара жатқан автокөліктер тізбегінің жол ережесін бұзғанын тіркеді.

Полиция анықтағандай, көліктер тойға қатысқан. Алайда мерекелік кортеждегі кейбір әрекеттер жол қозғалысына қауіп төндірген.

Атап айтқанда, камераларға жолаушылардың көлік терезесінен денесін шығарып отырғаны түскен. Сонымен қатар көлікті басқару құқығы жоқ адамға рөлді беру және қарсы қозғалыс жолағына шығу деректері анықталды.

Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша алты азамат заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды. Тағы екі автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция жүргізушілер мен жолаушыларды мерекелік шараларды айналадағы адамдарға қауіп төндіретін жағдайға айналдырмауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.