Үш рет қабылдаудан бас тартқан, кейін ота жасалған: Ақтауда көз жұмған баланың анасы министрліктен жауап алды

Автор: Алмас Ерсін

13 жасар ұлы қайтыс болғаннан кейін Жұлдыз Азанова Денсаулық сақтау министрімен жеке кездесіп, мән-жайды талқылау үшін Астанаға келді

Фото: Lada.kz

Ақтаудағы 13 жасар баланың өліміне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеріс бірқатар өрескел заңбұзушылықты анықтады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова марқұм баланың анасын Астанада жеке қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, бұл жағдай оның жеке бақылауында болған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің жоспардан тыс тексерісі мен жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссия жұмысының қорытындысында Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қалалық №2 емханасында өрескел кемшіліктер анықталған.

Ақмарал Әлназарованың сөзінше, облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылған.

«Медициналық көмек көрсету дерегі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды. Біз медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жағдайды бақылауды жалғастырамыз. Мұндай жағдайлар формалды жауапты емес, нақты қорытынды мен жүйелі шешімдерді талап етеді», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр марқұм баланың анасын Астанада жеке қабылдауға дайын екенін де айтты.

«Астанада марқұм баланың анасын жеке қабылдаймын. Отбасы үшін бұл – орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады», – деді министр.

Lada.kz таратқан ақпаратқа сәйкес, 13 жасар баланың анасы Жұлдыз Азанованың айтуынша, оның ұлы 17 қаңтарда кенеттен ішінің қатты ауырғанына шағымданған. Жедел жәрдем баланы аппендицитке күдікпен өңірлік көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізген. Ол жерде шамамен үш сағат болған. Алдын ала диагноз расталмаған соң, үйіне жіберілген.

Алайда баланың ауырсынуы басылмай, дене қызуы жиі көтерілген. Отбасы бірнеше рет медициналық көмекке жүгініп, емхана мен жұқпалы аурулар ауруханасына барған. Кейін жағдайы күрт нашарлаған соң бала ауруханаға жатқызылып, ота жасалған.

Жұлдыз Азанованың айтуынша, ота кезінде дәрігерлер аппендикспен бірге ішектің едәуір бөлігін алып тастаған. Кейін баланың жағдайы ауыр күйінде қалған.

19 ақпанда ол санитарлық авиациямен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. 2026 жылғы 13 сәуірде бала қайтыс болды.

Ұлының өлімінен кейін анасы видеоүндеу жариялап, болған жағдайды толық тексеруді және медицина қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді талап етті.

Денсаулық сақтау министрлігінің тексерісі Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бірқатар заңбұзушылық болғанын көрсетті. Атап айтқанда, баланы 2026 жылғы 17, 23 және 25 қаңтарда бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тарту деректері анықталған.

Сонымен қатар консилиум өткізілмегені, пациенттің медициналық көмекке жүгіну деректері толық тіркелмегені, жағдайына жеткілікті баға берілмегені және клиникалық хаттамалардың сақталмағаны белгілі болды.

Ақтау қалалық №2 емханасында да кемшіліктер анықталды. Тексеру барысында анамнездің толық жиналмағаны, зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелерінің ескерілмегені, қойылған диагноздың клиникалық көрініске сәйкес келмегені және өтініштердің бірінде науқастың дәрігерге бетпе-бет қаралмағаны тіркелген.

Медициналық ұйымдарға тәртіптік және экономикалық шаралар қолданылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтау қалалық №2 емханасына экономикалық санкциялар салды.

Облыс прокуратурасы бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа берілді.

6 тамызда Жұлдыз Азанова Денсаулық сақтау министрімен кездесу үшін Астанаға келді.