Құлжан кен орнындағы өртті кәсіпорын қызметкерлері өз күштерімен сөндірді. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себебі әзірге белгісіз
Маңғыстаудағы Құлжан кен орнының үстін жапқан қою қара түтін түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тарап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Видео 7 тамызда Боранқұл ауылындағы Құлжан кен орнының аумағында түсірілген. Түтіннің көлемі мен түсіне қарап, желі қолданушылары резервуарлар паркі өртеніп жатыр деп болжаған. Видео авторы нысанның шетелдік иелерге тиесілі екенін және ауылға экологиялық проблема тудырып отырғанын да айтқан.
Сонымен қатар видеоға пікір білдірген азамат бақылаушы органдардың жұмысын сынға алып, нысанда өрт сөндіру техникасы жеткіліксіз болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, мұнай резервуарлары өртенген жағдайда жақын маңдағы елді мекен үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.
Алайда Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті олардың бөлімшелері өртті сөндіруге жұмылдырылмағанын хабарлады.
Құлжан кен орнында жұмыс жүргізетін «Meerbusch» ЖШС қызметкерлері өртті өз күштерімен сөндірген. Компания оқиғаның болғанын растады. Зардап шеккендер жоқ.
Әзірге кәсіпорын өрттің неден шыққаны және нақты ненің жанғаны туралы толық ақпарат берген жоқ.