Неке қиюдан кейін ішімдік ішкен ерлі-зайыптылардың жанжалы полицияның араласуымен аяқталды
Көкшетауда неке қию рәсімінен кейінгі мереке жас жұбайлар үшін полиция бөлімінде аяқталды. Полицияның мәліметінше, мас күйдегі күйеу жігіт әйеліне қол көтеріп, кейін уақытша ұстау изоляторында да тәртіп бұзып, қолжуғышты сындырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«102» арнасына Көкшетаудағы қоғамдық орындардың бірінде өзін агрессивті ұстаған ер адам туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция жасағы дереу жеткен.
Полицейлердің анықтауынша, полицияға немқұрайлы қарамаған кәмелетке толмағандар хабарласқан. Олар тәртіп бұзған азаматты көрсетіп, оның мас күйде болғанын, өзін агрессивті ұстап, жанындағы әйелді ұрғанын айтқан.
«Кәмелетке толмағандардың дер кезінде хабарласуының арқасында полицейлер құқыққа қайшы әрекетті жедел тоқтатып, бұдан да ауыр салдардың алдын алуы мүмкін болды», – деп мәлімдеді полиция.
Ұстау кезінде ер адам балағат сөздер айтып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған және медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Осыған байланысты оған әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал оның жұбайы да медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес орташа дәрежеде мас болған. Ол қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін де тынышталмай, ондағы қолжуғышты сындырған. Осы әрекеті үшін оған ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілік жүктелді.
Бұдан бөлек, сот ер адамға билік өкілін қорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылдады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.
Кейін полицейлер ерлі-зайыптылардың дәл сол күні ресми түрде некесін тіркегенін анықтаған. Салтанатты рәсімнен кейін олар бұл күнді атап өтуді ұйғарған. Алайда ішімдік соңы жанжалға ұласып, полицияның араласуына себеп болған.
«Кәмелетке толмағандардың дер кезінде хабарласуының арқасында құқыққа қайшы әрекеттердің жолы кесіліп, бұдан да ауыр салдардың алдын алу мүмкін болды», – деп хабарлады полиция.