Баянауыл ұлттық паркінде орман өртенді (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Өртті сөндіруге ұлттық парк қызметкерлері, құтқарушылар мен арнайы техника жұмылдырылды

видеодан скриншот

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орман өрті шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Өрт 2 тамыз күні сағат 14:10-да Жасыбай орманшылығының 17-орамында тіркелді. Тілсіз жауды сөндіруге бірден ұлттық парктің 21 қызметкері мен екі өрт сөндіру автоцистернасы жұмылдырылды. Кейін оларға Төтенше жағдайлар департаментінің үш қызметкері қосылды.

Артынша оқиға орнына қосымша күштер жіберілді. Өртті сөндіруге «Баянауыл» ұлттық паркінің тағы 18 қызметкері мен бес техника тартылды.

«Бұдан бөлек, Павлодар қаласынан Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Ми-8 тікұшағы өрт орнына ұшуға дайындалып жатыр. Жағдай Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында шыққан орман өрті 12 күннен кейін толық сөндірілгені хабарланған болатын.