Жүзе алмаған бойжеткен суға батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді құтқармақ болған
Оралда суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқаруға ұмтылған 18 жастағы бойжеткен қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy mgorod.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 16 шілде күні Орал өзенінің Ремзавод ауданындағы суға түсуге арналмаған жағажайда болған. Алсу Ермағамбетова жүзе алмағанына қарамастан, батып бара жатқан жасөспірімді құтқару үшін суға секірген.
Сол күні бойжеткен құрбысымен және екі танысымен бірге өзен жағасында демалып жүрген. Олар Алсудың медициналық колледжге оқуға түскенін атап өткен. Марқұмның әпкесі Айгүл Хусаинованың айтуынша, Алсу Теректі ауданының Теректі ауылында тұрған және сонда білім алған. Оны әжесі тәрбиелеп өсірген. Мектепте жақсы оқып, спортпен айналысқан, түрлі марапаттарға ие болған.
«Олар өзен жағасында отырып, шырын ішіп, пицца жеген. Кейін Алсу мен құрбысы Милана тізеден келетін суға түсті, ал 16 жастағы жасөспірім одан әрі жүзіп кеткен. Бір кезде ол көмек сұрап айқайлай бастады. Әуелде бәрі мұны әзіл деп ойлаған, кейін оның шынымен батып бара жатқанын түсінген. Жүзе алмайтын Алсу бірден суға секірді. Жасөспірім жағаға өз күшімен шығып үлгерді, оған көмекке жүгіріп жеткен ер адам да болған. Алайда Алсуды аман алып қалу мүмкін болмады», – деді Айгүл Хусаинова.
Туысының сөзінше, құрбысы Алсудың суға кетер алдындағы жоғары көтерілген қолын ғана көріп үлгерген. Құтқарушылар оқиға орнына 40 минуттан кейін жетіп, қыздың денесін ағыс бойымен шамамен 40 метр төменнен тапқан. Жедел жәрдем дәрігерлері оның көз жұмғанын тіркеді.
«Алсуды бағып-қағып өсірген әжесі үшін бұл орны толмас қайғы. Ол судан қатты қорқатындықтан, немересін ешқашан суға түсуге жібермейтін. Алсу дәрігер болуды, әжесін емдеуді армандайтын. Біздің әулетте медицина саласының маманы жоқ еді», – деп қосты бойжеткеннің әпкесі.
Алсумен қоштасу рәсімі 20 шілдеде өтті.