Айта кетейік, Жанпейісовтың құжат бойынша аты-жөні – Бейбарыс Раимбеков
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 30 шілдедегі үкімімен Б. Раимбеков КР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі және 378-бабының 2-бөлігімен жәбірленуші М. есімді азаматқа орташа ауырлықтағы дене жарақатын қасақана келтіргені, сондай-ақ билік өкілін қорлап, телекоммуникация желісінде бейнежазба таратқаны үшін кінәлі деп танылған. Бұл туралы Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
«Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша ол 1 (бір) жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде (қоныс колониясында) өтеу үшін сотталды.
Сотта істі қарау барысында Б. Раимбеков аэрозольді бұрышпен толтырылған тапанша түріндегі құрылғыны пайдалану арқылы жәбірленуші М. есімді азаматтың көзінің тұсынан атып, оның екі көзіне химиялық күйік келтіргені және көру өткірлігінің төмендеуіне әкеп соқтырғаны анықталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, ол қоғамдық орында өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде болған полиция қызметкері К. есімді азаматты көпшілік алдында қорлап, ол туралы бейнежазбаны көпшілікке қолжетімді әлеуметтік желісіне жариялағаны анықталды.
«Жаза тағайындау кезінде, сот оның орташа ауырлықтағы дене жарақатын қасақана келтіргенін мойындамағанын және ол бұдан бұрын да бірнеше рет заңға қайшы әрекеттер жасаумен сипатталатынын, бұрын ұрлық, ауыр дене жарақатын келтіргені және бопсалау қылмыстарын жасағаны үшін сотты болғанын ескерді. Өтелген соттылығына қарамастан, ол одан тиісті қорытынды шығармаған. Сонымен қатар, судья жәбірленушілердің Б. Раимбековке бас бостандығынан айыру жазасын қолдану туралы пікірлерін ескерді», - делінген ресми ақпаратта.
Сот Б. Раимбековтың және оның адвокатының жәбірленуші М. есімді азаматқа аса қажеттілік шегінде оқ атқаны және оған қатысты жәбірленуші М. есімді азаматтың тарапынан құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны туралы дәлелдерін назарға алмады.
Осы және басқа да тұжырымдар сотта зерттеліп, куәнің жауаптарымен, Б. Раимбеков ұсынған бейнежазба және сот сараптамаларының қорытындылары бойынша жоққа шығарылды.
Б. Раимбековтың қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны туралы кінәсі іс материалдары арқылы толық дәлелін тапты.
«Сонымен бірге, сот жәбірленуші-талап қоюшы М. және К. есімді азаматтардың моральдық залалды өндіру туралы талап қою арыздары бойынша Б. Раимбековтен М. есімді азаматқа 400 000 теңге және К. есімді азаматқа 150 000 теңге өндіру туралы талаптарын қанағаттандырды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Еске салсақ, Руслан Жанпейісов – шымкенттік блогер. Ол көпшілікке қазақстандық полиция қызметін сынау арқылы танылған.