ШҚО-да жасөспірім тізгіндеген көлік апатқа ұшырап, екі адам көз жұмды

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиғадан кейін прокуратура ата-аналарға маңызды ескерту жасады

видеодан скриншот

Өскеменде 17 шілдеде адам өлімімен аяқталған жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлікті басқарған кәмелетке толмаған жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көлік кедергіге соғылып, аударылып, кейін өртенген. Апат салдарынан кәмелетке толмаған екі жолаушы қаза тапты. Жарақат алған жасөспірім жүргізуші ауруханаға жеткізілді.

Жол апаты бойынша жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қайғылы оқиғадан кейін Өскемен қаласының прокуратурасы жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару жүргізушінің өзі мен жолаушыларға ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да аса қауіпті екенін еске салды. Сондай-ақ көлік жүргізу құқығы жоқ адамға автокөлікті беру жауапкершілікке әкеп соғатыны атап өтілді.

Ата-аналарға көлік кілтін кәмелетке толмағандардың қолы жететін жерде қалдырмау және олардың өз бетінше көлік жүргізуіне жол бермеу ескертілді. Прокуратура өкілдері қажетті дағдысы мен тәжірибесі жоқ адамның рөлде өткізген бірнеше минуты бірнеше отбасы үшін қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін атап өтті.