Атырау – Ақтөбе пойызында билетсіз жолаушы қайтыс болды

Автор: Алмас Ерсін

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр 

Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

Атырау – Ақтөбе бағытындағы №691/692 жолаушылар пойызында ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Көліктегі ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 13 шілдеде Қандыағаш – Ақтөбе учаскесінде болған. Кейін марқұмның пойызда билетсіз жүргені анықталған.

Жолаушының неден қайтыс болғанын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

«Атырау – Ақтөбе бағытындағы пойызда жолаушының кенеттен қайтыс болуына байланысты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алдын ала қойылған диагноз – екі жақты пневмония. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаменті.